Azattyq Rýhy жолдаған сауалға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.
21 қазан күні Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов бұдан былай коронавирус жұқтырған дәрігерлерге өтемақы төленбейтінін айтты. Қаржылай көмек тек індеттен қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына беріледі.
Осы ретте заңды сауал туындайды: COVID-19 вирусын қызмет бабында жұқтырған дәрігерлердің жағдайы енді не болмақ? ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жылдың 24 қазанына дейін коронавирус эпидемиясына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру кезінде COVID-19 жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 млн теңге мөлшерінде, сондай-ақ қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына 10 млн теңге мөлшерінде төлем жүргізілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 04.04.2020 жылғы № 28/2020 «Ковид-19 коронавирусына қарсы күресте эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан денсаулық сақтау қызметкерлерін қаржылай қолдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес, медицина қызметкерлеріне 3 тәуекел тобы бойынша жалақыға үстемақы төлеу жүзеге асырылды»,- деді ҚР ДСМ санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі.
3 тәуекел тобы мынадай:
«Мысалы, инфекционист дәрігердің орташа айлық табысы қазіргі уақытта 1 002 289 теңге, оның ішінде: жалақы – 152 289 теңге және жалақыға ынталандырушы үстемеақы – 850 000 теңге»,- деп түсіндірді министрлік өкілі.
Ақпаратқа сәйкес, жұқтыру қаупінің 3 тобы бойынша медицина қызметкерлерінің негізгі жалақысына ай сайынғы төлемдер осы жылдың соңына дейін жалғасатын болады.
«Жұмыста сырқаттанған кезде қолдау шаралары медициналық ұйымның (кәсіподақтардың) және жергілікті атқарушы органдар есебінен көрсетілуге тиіс, бұл медициналық ұйымдардың басшылары үшін өз медицина қызметкерлерін қажетті қорғау құралдарымен қамтамасыз ету бойынша қосымша уәжге айналады»,- ҚР ДСМ санитарлық-эпидемологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі
Қазіргі уақытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар барлық медицина қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауда:
1) Барлық аймақтарда мобильді топтар жұмыс істейді;
2) Үйде ем қабылдайтын пациенттер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген;
3) Онлайн консультациялар жүргізілуде;
4) Медицина қызметкерлері жеке қорғану құралдарымен және дезинфекциялау құралдарымен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген (3 айлық қор қамтамасыз етілген).
Айта кетерлігі, медицина қызметкерлерін жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет резервінен жергілікті атқарушы органдарға 18 млрд 616 млн теңге, республикалық денсаулық сақтау ұйымдарына 2 036, 8 млн теңге бөлінді.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан