$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.11.2020, 21:46
Жаңалықтар

Қазақстанда қараша айына арналған ауа райы болжамы жарияланды

Бір ай ішінде елімізде жылы және аязды күндер жиі алмасуы мүмкін  

Қазақстанда қараша айына арналған ауа райы болжамы жарияланды
Фото: ашық дереккөзден

«Қазгидромет» РМК қараша айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктер қазаннан қарашаға өткен кезде ауа температурасының айтарлықтай төмендеуі байқалатынын айтады. Көпжылдық деректер бойынша, республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасы 7-10°С-қа, ал қиыр солтүстік-шығыста 12-14°С-қа төмендейді. Ауаның орташа айлық температурасы тек оңтүстіктің шеткері аумақтарында +1+6°С болып сақталады. Ал қалған аумақта қазірдің өзінде термометр минусқа түскен: солтүстік өңірлерде -6-9°С, қиыр шығыста -11-14°С, қалған аумақта -0, -5°С болады.

Республиканың солтүстігінде, сондай-ақ шығыс пен оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарда жауын-шашын азаяды. Ал қалған аумақтарда, керісінше, көбейеді.

Бір ай бойы жауын-шашын (көбінесе қар түрінде), бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ, тұман жиі болуы мүмкін.

Қараша айының басында ҚР солтүстік жартысы мен орталығында, одан кейін шығыста жауын-шашын (жаңбыр, қар) және ауа температурасының түнде -3-11°С, күндіз -5+3°С дейін біртіндеп төмендейді. Одан әрі бірінші онкүндіктің екінші жартысында температура түнде -6+2°С дейін, күндіз +3+8°С дейін жоғарылауы болжанады. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде -5-13°С, күндіз 0,-8°С дейін төмендеуі ықтимал.

Еліміздің батысы мен оңтүстік-батысында жаңбыр жауып, күндіз ауа температурасы +13+22°С-қа дейін көтеріледі. Жауын-шашын (жаңбыр, қар) және температураның түнде -5-10°С, оңтүстік-батыста -3°С, күндіз -3+5°С дейін төмендеуі болжанады.

Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысында онкүндіктің бірінші және екінші жартысында жауын-шашын болуы ықтимал. Бірінші онкүндіктің басында ауа күндіз +10+18°С дейін жылынады, онкүндіктің ортасында және соңында температура түнде -5+3 дейін, оңтүстік-шығыста -10°С дейін, күндіз +3+10°С дейін, Алматы облысының таулы аудандарында 0°С дейін төмендейді деген болжам бар.

Республиканың солтүстік жартысындағы ең суық күндер екінші және үшінші онкүндіктердің соңында болжанады. Термометр бағандары түнгі сағаттарда -10-20°С дейін, қиыр солтүстікте -22-27°С дейін, күндіз -5-18°С дейін төмендейді. Бірінші онкүндіктің соңында - +12+20°С.

Бір ай ішінде, әсіресе, елдің солтүстік жартысында жылы және аязды күндер жиі алмасуы мүмкін.

«Осылайша, Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы нормаға жуық болады. Елдің солтүстік-батысында – нормадан 1°С жоғары, оңтүстіктің, оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы және тау бөктерлі аудандарында - нормадан 1°С төмен болады», - делінген хабарламада.

Қараша айы жауын-шашынды болмақ. Республиканың тек оңтүстік-батысында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады деп болжануда.

Қараша айында қар жамылғысы пайда болады және тұрақты сақталады. Көпжылдық деректер бойынша қар жамылғысының белгіленген күні:

- солтүстік және шығыс өңірлерде - бірінші онкүндіктің соңында және қарашаның ортасында:

- Қазақстанның орталық бөлігінде – қарашаның екінші жартысында;

- елдің батысы мен оңтүстік-шығысында – қарашаның аяғы мен желтоқсанның бірінші жартысында;

- республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-батысында желтоқсанның үшінші онкүндігінде.

«Бір айға арналған болжамды консультативтік болжам ретінде пайдалану керек. Ол кейіннен онкүндікке арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

 
Серіктес жаңалықтары