Атырауда шілде айында іске қосылған COVID-такси қызметі жұмысын тоқтатты

Автор: Azattyq Rýhy

Такси қызметі екінші толқын басталса, қайта іске қосылады

Шілде айында, коронавирус өршіген тұста Атырауда және Құлсарыда пневмония мен коронавирустан үйде ем алып жатқан науқастарға медициналық көмек көрсету үшін COVID-такси қызметі ашылған болатын. Енді үш айдан астам уақыт жұмыс істеген COVID-такси жұмысын тоқтатты. Бұл туралы azh.kz хабарлайды. 

«Шақыртудың азаюына байланысты COVID-такси қызметін тоқтатты. Барлық шақыртуларға өзіміздің жедел-жәрдем көліктері үлгереді. Бірақ екінші толқын басталса, қайтадан COVID-таксиді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, ол біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетеді», - дейді Жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Наргиз Баймолдаева.

Естеріңізге салсақ, COVID-такси бригадасы жүргізуші мен фельдшерден тұрады. Жүргізуші де алғашқы медициналық көмек көрсете алады. Бұдан бөлек, пневмония мен коронавирустан емделіп жатқан науқастар дәрі-дәрмек алу үшін COVID-такси қызметін пайдалана алады.