«Коронавирус жұқтырған дәрігерге 880 мың теңге айыппұл салынады»: ДСМ желідегі жазбаға жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Министрлік мұндай құжат қабылданбағанын айтты

Көрнекі фото: Нұрдаулет Әбікеев

Әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласы дәрігерінің COVID-19 жұқтырғаны үшін дәрігерлерге 880 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынатыны туралы жазбасы жарияланды. StopFake сайтының хабарлауынша, ДСМ Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

«Таңғы жиналыс. Эпидемиолог жаңа бұйрықпен таныстырды: егер кімде-кім (дәрігер – ред.) санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтамай, коронавирус жұқтырып алатын болса, оған 880 мың теңге айыппұл салынады.

Соңғы жарты жылда бізге күніне тек 1 маскадан үлестіреді, басқа ешқандай жеке қорғаныс құралдары берілмейді», - деп жазған елордалық дәрігер.

Денсаулық сақтау министрлігі де, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті де коронавирустық инфекцияны жұқтырған дәрігерлерге айыппұл салу туралы қаулы шығарған жоқ.

«Бұл – жалған ақпарат. Мен осы хабарламаны жазған дәрігерге хабарластым, біз бәрін анықтадық. Қазір бұл мәселе бойынша Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы шаралар қабылдауда. Бізде мұндай заң жоқ және болмайды да. Оны нақты айта аламын. Біз әр дәрігерді бағалаймыз. Осы дәрігерлер бізге пандемиямен күресуге және қазақстандықтардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі», – деді комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.