Нұр-Сұлтан қаласында көлік ұрлығымен айналысқандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталған екі тұрғын 20 қазаннан бері бес көлік ұрлады деген күдікке ілінді

Фото: ашық дереккөзден

Елордалық тәртіп сақшылары автокөлік ұрлығымен айналысатын қылмыстық топты әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі  Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жедел іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері күдіктілердің ізіне түскен. Қылмыстық топтың «Хюндай Авант» маркалы автокөлігі Абылайхан даңғылы бойында ұсталды. Көлік есігін блоктаған екі күдікті сыртқа шығудан бас тартқан. Қызметкерлер көлік терезесін сындырып, есікті ашуға мәжбүр болды», - деп жазылған хабарламада.

39 және 42 жастағы екі күдікті елорда тұрғыны болып шықты. Олар 20 қазаннан бері бес көлік ұрлады деген күдікке ілініп отыр. Тек «Шарын» базарының жанында күдіктілер үш автокөлікті теуіп кеткен. 

29 қазан күні 39 жастағы күдікті сканерлік құрылғы арқылы «Ланд крузер» көлігінің есігін ашып алады. Сол кезде көлік салонында ер бала отырған. Күдікті баланың қолындағы ұялы телефонды тартып алып, ізін суытады. Артынан баланың анасы полицияға жүгінген. 

Қазіргі күні күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.