Орталық мешіт 14 оттегі концентраторын алу үшін тұрғындардан төрт миллион теңге жинаған
Алматының Орталық мешіті қала әкімдігінің қолдауымен жақында ашылған модульді стационар - қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына 14 оттегі концентраторын тапсырды. Рекордты 2 ай ішінде салынған бұл медициналық мекеме коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған.
Қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай қайырымды азаматтардың атынан оттегі концентраторларын тапсыра отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Өмірге үміт сыйла» қайырымдылық акциясы жарияланғанын атап өтті.
«Біз Алматы қаласының тұрғындарынан төрт миллион теңгеден астам қаражат жинадық және жақында ашылған балалар жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына 14 оттегі концентраторын алдырдық. Бұл біздің бір екенімізді, елдің ауызбіршілігінің, ынтымағының бір екенін білдіретін бастамалардың бірі деп есептейміз», - деді Еркінбек Шоқай.