Алик Шпекбаев: Қаржы саласының қызметкерлері азаматтардың сеніміне ие емес

Автор: Azattyq Rýhy

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қаржы министрлігінің басшылары кездесті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев көбіне қаржы саласының қызметкерлері азаматтар мен бизнестің жеткілікті сеніміне ие емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевпен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі

«Көбіне қаржы саласының қызметкерлері азаматтар мен бизнестің жеткілікті сеніміне ие емес. Бұл тәсілді өзгерту керек. Кәсіпкерлерді қолдау - ұзақ мерзімді инвестициялар тартуға, оның ішінде адами капиталға, технологияларды дамытуға, жұмыс орындарын құруға, яғни еліміздің барлық азаматтарының әл-ауқатын арттыруға қосылған үлес болмақ», - деді Алик Шпекбаев.

Агенттік төрағасы А. Шпекбаев министрлік басшылығының өз қатарын таза ұстауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау сапасын қамтамасыз етуге және оларды жоюға ниет білдірмейтін лауазымды тұлғаларға қатысты берік ұстанымының аса маңыздылығына назар аударды.

«Қаржы саласы ерекше ашықтықты, айқындылықты және қолжетімділікті талап етеді. Жемқорлық дәл осы қағидаттардан сескенеді. Жаңа көзқарастағы басшылар азаматтармен сындарлы диалог жүргізе білуімен және жағдайды жақсы қырына өзгерту ниетімен ерекшеленеді. Жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға болмашы мүмкіндік бермеу үшін цифрлық шешімдер мен құралдар енгізуді жеделдету қажет», - деді ол.

Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев министрлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларына ерекше мән беріп отырғанын айтты. Сондай-ақ, қаржы ведомствосының басшысы электрондық мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін 92%-ға жеткізуге ниетті екенін білдірді.

Айта кету керек, қатысушылар Агенттіктің «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп іске асырып жатқан қазыналық төлемдерді заңсыз қоса есептеумен, әкімшілік кедергілер мен кідірістерге байланысты мәселелерді құқықтық алаңда шешуге бағытталған бизнес пен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жөніндегі жобаны талқылады. Бұл - 12,5 трлн теңге көлеміндегі инвестициялары бар 550-ден астам компания.