Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін eGov.kz бұрышы ашылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қалада 15-ке жуық eGov өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істейді

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін eGov.kz бұрышы ашылды. Енді Атакент ауданының тұрғындары мемлекеттік қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ ала алады,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау және ХҚО ғимараттарында азаматтардың жиналуын барынша азайту үшін, «Галерея» СОК-та өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған екі бұрыш жұмыс істейтін болады: 1-қабат – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін; 2-қабат – Алматы қаласының барлық тұрғындары үшін. Жалпы саны – 8 орын.

«Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті жоюға бағытталған. Бұрыштар азаматтардың ХҚО ғимараттарында шоғырлануын болдырмайды және коронавирустың таралу қаупін азайтады. Мұнда компьютері немесе интернеті жоқ азаматтар электрондық үкімет порталынан ыңғайлы қызметтерді өз бетінше ала алады», - деп түсіндірді «Азаматтарға арналған үкімет» МК  КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данияр Қырықбаев.

Аталған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышына ХҚО мамандары бекітілген. Олар азаматтарға  электрондық үкімет порталында және Telegram мобильді қосымшасында жұмыс істеу бойынша ақпараттар береді. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда электрондық мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы алу үшін алты жүзге жуық, Алматы қаласында 15-ке жуық egov өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары жұмыс істейді.