Шығыс Қазақстан облысында карантин күшейтіледі
Қаулы 28 қазанда күшіне енеді

Шығыс Қазақстан облысында карантин қатаңдатылып, бірнеше шектеу енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Марат Ысмайылов қабылдаған жаңа қаулы 28 қазан сағат 00:00 бастап күшіне енеді.
Құжатқа сәйкес, Өскеменде театр, мәдени нысандар, бассейн, сауна, монша, кітапханалар мен музейлердің жұмысына тыйым салынды. Облыстың басқа өңірлерінде бұл нысандар санитарлық талаптарды қатаң сақтап, әрі қарай жұмыс істей береді.
Фитнес орталықтар, СПА, жаттығу залдары мен спорт-сауықтыру кешендері де жұмысын тоқтатады. Қалааралық автобустар жүрмейді, автостансалар мен автовокзалдар жабық тұрады. Сондай-ақ бұрыннан келе жатқан той, мерекелік шара, спорт жарысы, көрме, бейбіт митинг, форум мен конференция секілді шараларды өткізуге салынған тыйым сақталады.
Караоке, бильярд, компьютер клубтары, түнгі клуб, боулинг орталықтары, балалар аттракциондары, ойын алаңдары мен букмекерлік кеңселер, кинотеатр, фудкорттар баяғыша жұмыс істемейді.