2025 жылы халық 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі - Мағзұм Мырзағалиев

Автор: Azattyq Rýhy

2025 жылға дейін топтық су құбырлары жобаларына 133,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек

Фото: ашық дереккөзден

Үкімет басшысы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға қарай халықтың 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

2025 жылға дейін топтық су құбырлары жобаларына 133,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінбек. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Үкімет отырысында мәлімдеді. 

Оның 14,5 млрд теңгесі жаңа су жүйелерін салуға жұмсалса, қалған 118,6 млрд теңгесі қайта жаңарту жұмыстарына бағытталмақ.

Нәтижесінде әлі күнге дейін ауыз суға мұқтаж болып отырған 90 ауылдық елдімекенге су құбыры тартылып, 105 мың тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. 

«321 елдімекеннің ауыз су беру жүйесі жөнделіп, жаңартылады. Бұл 524,6 мыңнан астам адамды қамтиды. Жалпы, 5 жыл ішінде 3 мыңнан астам шақырым топтық су құбырлары салынады. Ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 100%-ға жеткізу жоспарланған» - деді министр Мағзұм Мырзағалиев.

Өз кезегінде Премьер-министр Асқар Мамин Экология министріне жобалардың шығындарын қысқартып, құрылыс жұмыстарына отандық өндірушілердің материалдарын пайдалануды тапсырды.

 «2021 жылдың соңына дейін 197 мың тұрғыны бар 38 елді мекенге су жүргізуді көздейтін ұзаққа созылған үш жобаның құрылысын аяқтау қажет. Индустрия, ұлттық экономика, қаржы, экология, денсаулық сақтау министрліктеріне халық үшін тарифтердің артуына жол бермеу мақсатында қызмет көрсетуді заң жүзінде бекітуді тапсырамын» - деді Үкімет басшысы.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Тегтер: