Талдықорғанда пәтерді жалға берем деп тұрғындарды алдаған алаяқ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар үйді жалға алу үшін оған алдын ала төлем жіберген

Фото: ашық дереккөзден

Талдықорғанда пәтерді жалға берем деп елді алдаған алаяқ қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhyтілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Алматы облысының Талдықорған қаласы полиция бөліміне облыс орталығының 48 жастағы тұрғыны алаяқтың құрбаны болғаны туралы арыз берді. Белгісіз әйел облыс орталығындағы пәтерді жалға беремін деп тұрғынның ақшасын иемденді. Бір-екі күннен кейін Талдықорған қаласының 26 және 42 жастағы тағы екі тұрғыны осындай арызбен жүгінді. Олар да тұрғын үйді жалға алу үшін оған алдын ала төлем төлегендерін айтты», деп жазылған хабарламада.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған және сотталған Алматы облысының 23 жастағы тұрғыны Ирина Ким есімді күдіктіні анықтап, ұстады. Күдіктінің қаладағы элиталық аудандарда жалға берілетін арзан тұрғын үйді тапсыру туралы хабарландыру беріп, өз құрбандарын сайттан тапқаны белгілі болды. Пәтер құнының арзандығына қызығып, қоңырау шалған адамдарға қазір жолда екенін және келген соң пәтер кілтін тапсыратынын айтқан. Сондықтан, олардан пәтер төлемақысының алдын ала төлемін банк картасына аударуын сұраған.

«Алаяқтың әрекетінен зардап шеккендердің барлығын 25-01-51 және 8 777 780 2313 телефондары бойынша хабарласуды сұраймын» – деп толықтырды Айдын Аденбаев.