Үш күнде жылдамдықты арттырған 300-ге жуық автобус жүргізушісі анықталды - ҚР ІІМ

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда үш күнде автобус жүргізушілері жасаған жол ережелерін бұзудың 10 мыңға жуық жағдайы анықталды

Фото: ашық дереккөзден

ҚР ІІМ ел аумағында кең ауқымды «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. 3 күндік рейд барысында автобус жүргізушілері жасаған жол қозғалысы ережелерін бұзудың 10 мыңға жуық жағдайы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Олардың ең көбі Түркістан (1063), Қарағанды (794), Алматы (775), Павлодар (715), Шығыс Қазақстан (708) және Маңғыстау (704) облыстарында, сондай-ақ Алматы (744) және Нұр-Сұлтан (702) қалаларында анықталды. Сондай-ақ, полицейлер мас күйінде жолаушылар көлігін басқарудың 15 фактісінің жолын кесті. Барлық жүргізушілер көлік жүргізу құқығынан айырылатын болады», - деп жазылған хабарламада.

Бұдан басқа, еңбек және демалыс режимін бұзудың 43 фактісі, сақтандыру заңнамасын бұза отырып көлікті басқарудың 264 фактісі, техникалық байқаудан өтпеген және заңсыз қайта жабдықталған 1 мыңнан астам автобус, жылдамдықты арттырудың 300-ге жуық фактісі анықталды, жолаушыларды тасымалдау кезінде 1700-ден астам автобус жүргізушісі телефонды пайдаланған, сондай-ақ 114-і жолаушыларды заңсыз тасымалдаған.

Заң бұзушылықтары бар автобустарды жолға шығарғаны үшін автобус парктері басшыларының қатарынан 126 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.