Ауа райына байланысты еліміздің 8 өңірінде ескерту жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

24 қазан күні республиканың бірқатар өңірінде қар аралас жаңбыр жауады

Фото: ашық дереккөзден

Сәрсенбі күні ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі хабарлады.

Атырау облысының кей жерлерінде тұман болуы мүмкін. Оңтүстік-батыстан соққан желдің күші 15-20 м/с артады.

Ақтөбе облысының кей жерлерінде түнде қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан жел соғып, күндіз екпіні 18 м/с күшейеді.

Қызылорда облысында түнде 1-6 градус үсік болуы мүмкін.

Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші кей жерлерде 15-20 м/с жетеді.

Ақмола облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болуы ықтимал. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз жылдамдығы 15-20 м/с жетуі мүмкін.

Қостанай облысында күндіз қар мен жаңбыр аралас жауын-шашын жауады. Кей жерлерде тұман түсуі мүмкін. Түнде және таңертең көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан, оңтүстіктен жел соғады, жел екпіні 23 м/с жетеді.

Қарағанды облысының кей жерлерінде көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, кей аумақта жел күші 15-20 м/с жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болады. Батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғып, жылдамдығы 25 м/с жетеді.