$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.10.2020, 04:24
Жаңалықтар

Түркістандық дәрігер емдеудің жаңа тәсілін ойлап тапты

Нұржан Талғатбекұлы жаңа әдісті дүниежүзі бойынша бірінші болып қолданысқа енгізді

Түркістандық дәрігер емдеудің жаңа тәсілін ойлап тапты

Түркістандық дәрігер әйелдерді босандыру кезіндегі қан кетуді уақытша тоқтататын жаңа тәсіл ойлап тапты. Емдеудің бірегей әдісін тәжірибеге енгізген онко-гинеколог Нұржан Махмутов осы жаңалығы үшін Ұлттық зияткерлік меншік инстутының патентін алды. Мамандар мұндай әдістің дүниежүзі бойынша алғаш рет қолданысқа енгізіліп отырғанын айтады, деп хабарлады «Отырар» телеарнасы.

Жүкті әйелдердің босану және одан кейінгі кезеңде қан кетуін уақытша тоқтататын жаңа әдісті осы облыстық перинаталық орталықтың бас дәрігері, онко-гинеколог Нұржан Махмутов ойлап тапқан. Білікті дәрігер әйелдердің босануы кезінде жиі кездесетін осы жағдайды бір жарым жыл бойы зерттеген. Сосын өзі ойлап тапқан жаңа әдісті тәжірибеге енгізіпті.

«Жүкті әйелдерде сәбидің плацентадан ажырауы жиі кездесетін асқынуға жатады. Көп мөлшерде қан жоғалту ана мен бала өміріне аса қауіпті. Сондықтан ойлап тапқан әдісім бойынша система арқылы жатырдағы қан тамырларын байлап қан кетуді уақытша тоқтатамыз. Бұл ары қарайғы емдік шараны жоспарлауға, жедел көмек келгенше немесе шалғай аудандарға білікті хирург-дәрігер жеткенше қанды тоқтата тұруға мүмкіндік береді. Түркістандағы облыстық перинаталды орталықта білікті дәрігерлердің қатысуымен осы әдісті қолданып 10-нан аса операция жасадық. Барлығы да сәтті өтті», - дейді облыстық №3-ші перинаталдық орталықтың бас дәрігері Нұржан МАХМУТОВ.

Медицина саласында 33 жылдық еңбек өтілі бар білікті дәрігер Нұржан Талғатбекұлы жаңа әдісті дүниежүзі бойынша бірінші болып қолданысқа енгізді. Әрі осы жаңалығын патенттеп те үлгерген.

«Өте алыста орналасқан аудандар бар. Сол аудандарға жас мамандар келіп жатыр қазір. Сондай жас мамандарға жағдайы ауыр әйелдер түсіп қалған жағдайда операцияны бастап, алғашқы көмек көрсету үшін олар жедел жәрдеммен орталықтан мамандар шақыртады. Сол келгенге дейін алғашқы көмек көрсетуге қолдануға болатын әдістеме деп айтуға болады», - деді облыстық Қоғамық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан НАРЫМБЕТОВА.

Алдағы уақытта бұл әдісті аймақтағы басқа дәрігерлерге егжей-тегжейлі түсіндіру үшін арнайы семинарлар ұйымдастырып, тәжірибе алмасатын болады. Жалпы, Түркістан облысында ана өлімі көп емес дейді мамандар. Мәселен, өткен жылы осындай 6 қайғылы жағдай тіркелген. Жоба авторының айтуынша, жаңа әдіс ана өлімін азайтуға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары