СҚО-да құс тұмауынан зардап шеккен шаруалар өтемақы ала алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде қауіпті індеттен 450 мыңнан астам құс қырылып қалды 

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан шаруалары құс тұмауынан қырылған қаз-үйрекке төленетін өтемақыны ала алмай жүр. Осыған дейін 53 адамға 73 миллион теңгеден астам қаражат төленген. Олардың арасында тиісті соманы толық мөлшерде ала алмағандар бар. Жаз бойы асырап-баққан құстары қырылып шаш етектен шығынға батқан азаматтар қағазбастылықтың кесірінен мемлекет тарапынан төленетін қаржыдан да қағылып қаламыз ба деп алаңдаулы. Azattyq Rýhy тілшісі Қызылжар ауданына қарасты Якорь ауылының тұрғындарымен кездескен еді. 

ШЫҒЫНҒА БАТҚАН ШАРУА КІМНЕН ЖІРДЕМ СҰРАЙДЫ?

Александр Засыпкин бірнеше жыл бұрын шаруа қожалығын ашып, мал мен құс өсіруді қолға алған. Жыл сайын күзде табысқа кенелетін шаруалар биыл қауіпті індеттің кесірінен шаш етектен шығынға баттты. Қарыздарын жабу үшін мемлекет тарапынан берілетін өтемақыға үміт артып отырғанда оның да қолға тимей қалатын түрі балр. Александр республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың облыстық филиалы мен Қызылжар аудандық ветериналық инспекциясының табылдырығын тоздырғанын айтады. Өзіне тиесілі 5 млн теңге компенсацияның 30 пайызын ғана алған. Кәсіпкер қалған қаражатының қолына тиетініне күмәнданады. Қайда барса да жауапты тұлғалардан мардымды жауап ала алмапты. 

«Құстар қырылған кезде оларды жою туралы 5 рет акті жасалды. Оның екеуінде аудандық ветеринарлық инспекция мамандары болса, қалған үшеуіне мал дәрігерлері қатысты. Сол құжаттар енді есепке алынбай отыр.  Төлем түскен сәтті оның толық емес екенін айтып республикалық эпизоотияға қарсы жасақ филиалына бардым. Олар мені аудандық ветеринариялық инспекцияға жіберді. Соңғысы жойылған құс өлексесі дұрыс актіленбегенін алға тартып отыр. Сондықтан қаражат төленбейтінін айтты. Оның бәрі мал дәрігері мен куәлардың қатысуымен жасалды. Мамандар нақтың ненің дұрыс емес екенін айтып ештеңе түсіндірмейді», - дейді «Засыпкин» ШҚ директоры.

Қожалық биыл 700 қаз, 1000 бройлер тұқымды тауық, 400 үйрек өсірген. Соның барлығы санаулы күндердің ішінде қырылып қалған.

«Бастапқыда акт жасалған жоқ, құстарды өзім өртей бердім. Кейін өлексе көбейді. 520 қаз, 385 үйрек, 840 тауыққа 5 акт бар. Оған енбей қалғанын мен есепке де алған жоқпын. Статистика бар. Қолымда тиісті құжаттардың барлығы тұр. Мен ғана емес, басқа тұрғындар да тиісті өтемақыға қол жеткізе алмай жүр», - дейді Александр Засыпкин. 

ТҰРҒЫНДАР ПРОКУРАТУРАҒА ШАҒЫМДАНБАҚ

Якорь ауылының тұрғындары жыл сайын құс өсіріп, күзде саудаға шығарады, бір бөлігін өздері азық етеді. Биыл тұрғындардың мәселесі өтемақы алумен де бітпейтін сыңайлы. Келер жылы қайтадан құс өсіру үшін маңайдың барлығын залалсыздандыру қажет. Құс тұмауын тудыратын вирустар ошақта бірнеше жыл бойы тіршілік ете беруі мүмкін.

«Күркетауық, қаз өсірдік. Бір аптада бәрі қырылып қалды. Ауданнан шақырту бойынша ешкім келмеді. Ол кезде күн жылы болатын. Өлекселер шіріп, маңай иістеніп кетті. Көршілерді шақырып, акт жасадық. Енді олардың барлығы жарамсыз болып қалды», - дейді ауыл тұрғыны Наталья Кичигина.  

Амалы құрыған тұрғындар өздеріне тиесілі қаржы төленбесе, прокуратураға арызданбақ. 

ҚҰС ИЕЛЕРІНІҢ ӨТЕМАҚЫ СОМАСЫНА КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ

Жаңалық Салғарин да құс тұмауының кесірінен жапа шеккендердің бірі. Аудандық ветеринарлық инспекцияға тиісті құжаттарын тапсырған. Енді тиісті өтемақысын күтіп жүр. Кәсіпкердің қырылған құс үшін белгіленген мемлекеттік өтемақының сомасына көңілі толмайды. 

«Күзде қазды 7-8 мың теңгеге сатуға болады. Бізге бір басқа 5300 теңге төленеді. Өтемақы сомасы дұрыс белгіленбеген. Менің акт бойынша 907 қазым қырылып қалды. Шын мәнінде, шығын одан көп. Басында не болғанын түсінбей өлекселерді өртеп жібердік. Кейін ғана тіркеуді бастадық», - дейді ол.

«Пісіп жетілген бройлер 3 келі тартады. Оны шамамен 3,5 мың теңгеге сататын едік. Бір тауыққа 1200 теңге төленеді. Бұл аз, әрине. Дегенмен соның өзі дұрыс төленсе, жемазыққа кеткен шығынды өтеп алар едік. Қаздар 5300, үйрек 2700 теңгеге бағаланды», - дейді Александр Засыпкин. 

«Өтем ережеге сай жасалады, тиісті анықтамалар жинақталуы тиіс. Бізге облыстық ветеринарлық инспекция тапсырған құжаттар бойынша төлем жасалды. Қалғанын мен айта алмаймын», - дейді Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ  филиалының жетекшісі Нұржан Шәріпов. 

Өтемақының толық төленбеуінің себебін облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтан сұрап білдік. 

«Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ қаржылық операцияларды жүзеге асыруына байланысты біраз уақыт кетті. Бүгін ғана жұмыс жанданды. Тиісті құжаттарын толық тапсырғандар өтемақысын алады. Біз одан бас тартқан жоқпыз», - деді шенеунік.

СҚО-да жалпы саны 212 адамға өтемақы берілмек. Мамандардың айтуынша қыркүйек және қазан айларында қырылған құсқа төленетін компенсация мөлшері екі түрлі болмақ. Өңірде қауіпті індеттен 450 мыңнан астам құс қырылып қалды. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО