Шағын-футболдан елордада алғашқы кәсіби клуб құрылды
Тілшіміз жаңадан құрылған команда мүшелерімен сұхбаттасты

Елордада шағын-футбол клубы құрылды. Команда құру Президенттің бұқаралық спортты насихаттау туралы тапсырмасынан кейін жүзеге асырылды. «Nur-Sultan» деген атпен құрылған кәсіпқой клуб құрамында 2 қақпашы, 12 ойыншы бар. Жаттықтырушылар – Леонид Кравченко және Нұржан Әбдірасилов.
ЕЛОРДАДА 40 МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛА ШАҒЫН-ФУТБОЛМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖҮР
«Nur-Sultan» кәсіпқой клубының негізін салушы Оралбай Жақсымбетов бұл бастамасы жайлы түсіндіріп берді.
«Біріншіден, халыққа спортты, салауатты өмір салтын насихаттау. Екіншіден, жетістік әкелетін спорт түрін дамыту. Үшіншіден, ең қолжетімді спорт түрін қолға алу. Шағын-футбол бойынша Қазақстанның жетістігін өте жоғары деп айтуға болады. Мәселен, алматылық «Қайрат» командасы екі рет УЕФА Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Статистика бойынша, елордада шағын-футболдан жеке 100 клуб бар екен. Орта есеппен, бұл клубтарда 40 000-ға жуық бала жаттығып жүр. Бұл – үлкен аудитория. Одан бөлек, қалада ересек командалардың лигасы бар. Елорданың өзінде 6 лига бар екен. Шағын-футболдан өтетін жарыста осы 6 лига аясында 56 команда тіркеледі. Бірақ, кәсіби түрде айналысатын команда жоқ», - деді Оралбай Жақсымбетов.
КОМАНДА ОЙЫНШЫЛАРЫ ҚОНАҚҮЙДЕ ТҰРАДЫ
Команда жақсы нәтиже көрсету үшін ресейлік 5 ойыншы шақырылды. Команда ойыншыларының бәрі қонақүйде тұрады. Қажетті медициналық дәрі-дәрмекпен, дәрумендермен қамтылған.
«Қонақүйде тұрған дұрыс деп шештік. Олардың күнделікті режимін қадағалауымыз керек. Команда мүшелері SAIRAN Arena кешенінде жаттығады. Ол жерде барлық жағдай жасалған. Футбол залын жалға аламыз», - деді кәсіби клубының негізін қалаушы.
Оралбай Жақсымбетов 70 млн теңге (футболшылардың айлығы, тамақтануы, қонақүйде тұруы, жаттығуы және т.б.) бөліп отыр.
«Спортты жақсы көремін, басқа спорт түрлеріне де қолдау көрсетемін. 2021 жылы мемлекет тарапынан қолдау болады деген жоспарымыз бар», - деді Оралбай Жақсымбетов.
Қазақстанда кәсіби түрде құрылған шағын-футбол командаларының саны 9-ға жетті. Олар: «Атырау», «Ақтөбе», «Каспий», «Аят», «Оқжетпес», «Қайрат», «Бәйтерек», «Жетісу» және «Nur-Sultan» клубтары.
Жеті жасынан бастап футболмен айналыса бастаған Ринат Умешев (қақпашы) алғашқы кәсіби келісімшартқа 19 жасында қол қойған.
«Команда енді ғана құрылды. Бұрын елордада мұндай команда болмаған. Басымызды бір командаға біріктірген - жаттықтырушылар. Барлық жағдай жасалған. Болашақта көп жетістікке жетеміз деп сенемін», - деді қақпашы.
Команда жаттықтырушысы Леонид Кравченко жаңадан ашылған клуб аясында балаларға арналған футзал академиясын ашу жоспарланғанын айтты.
Оң жақта: жаттықтырушысы Леонид Кравченко
«Мен шағын-футболдан елордада алғаш рет жасақталған «Nur-Sultan» кәсіби клубының жаттықтырушысы болып тағайындалдым. Кәсіби клуб аясында балаларға арналған футзал академиясын ашу жоспарланған. Бұл - кәсіби команда жасақтаудың озық үлгісі болмақ. Балалар сонда қай бағытта талпыну керегін түсінеді», - деді жаттықтырушы Леонид Кравченко.
Команда биыл Қазақстан кубогы мен Қазақстан премьер-лигасы турнирлерінде дебют жасайды деп жоспарлап отыр.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан