Жылу маусымы аяқталғанша тот басқан, қызарған суға шомыламыз – Сәтбаев тұрғыны

Сәтбаев тұрғыны сапасыз судың кесірінен кейбіреудің үстіне жара шығып жатқанын жеткізді

Жылу маусымы аяқталғанша тот басқан, қызарған суға шомыламыз – Сәтбаев тұрғыны

Сәтбаев қаласы Абай көшесіндегі көпқабатты №43 үйдің тұрғыны Azattyq Rýhy редакциясына хабарласып, жылу маусымы басталған кезде қып-қызыл тот басқан суға жуынуға мәжбүр болатынын айтып, көмек сұрады. 

Ол аты-жөнін көрсетпеуді өтініп, тот басқан ескі құбырдың салдарынан үйге келетін ыстық судың түсі өзгеріп, көктем келгенше тұрғындар бірде сары, енді бірде қып-қызыл түске боялатын сумен шомылуға мәжбүр екен.

«Біздің бұл мәселені әкімдік беске біледі. Жылу маусымы келген сайын бізде осы проблема басталып, көктемге дейін зардабын тартамыз.  Бұл проблема 6 жылдан астам уақыт жалғасып келеді. Сәтбаев қаласының қақ ортасында тұрсақ та, өркениеттен алыс сияқтымыз. Тот басқан суға шомылғандықтан, кейбір тұрғындардың денесіне жара шығып кетеді. Пәтерлерге ыстық су тұрғын үй астындағы құбыр арқылы келеді. Ол жертөледе орналасқан. Жертөленің өзі қоқысқа толып кеткен. Құбыр жарылудың алдында тұр. Салдарынан жиі апат болып, ыстық су атқылайды. Ол атылса екі-үш күн жертөлені су басып, ол жерден шығатын сасық иіс қолқаны қабады. Әкімдікке бұл туралы қанша рет өтініш айттық, ешкім сөзімізге құлақ аспайды», - деп күйінді тұрғын.

Тұрғындарды қоқыс толған жертөледен бөлек, жерде шашылып жатқан электр сымдары алаңдатып отыр.

«Кәріз құдығындағы 3000 ваттық тоқтың сымдары жерде шашылып жатыр. Ол төбеде ілулі тұрған тоқ сымдары болатын, су аға бергеннен шіріп, жерге құлаған. Жердегі сым ыстық су құбырымен қатар жатыр. Ертең біреу тоққа түссе не болады? Сол маңда ауланың балалары ойнайды. Әкімдік 24 тамызда жөндеу жұмысын бастаймыз деп уәде берген, бірақ ол жұмыс та атқарылмады. Аталған мәселені көтеріп, облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке дейін шықтық. Жауаптылар сол кезде ғана аздап жұмыс істегендей кейіп танытты. Құбырлар жарылып, апат болғанда әкімдік пен ЖКХ бөлімі келіп, акт толтырмайды. Қателеспесем, соңғы 2 жыл ішінде 10-нан аса апат болды. Бар жөндегені сол, жарылған құбырларға шүберек байлап, бірдеңе таңып кетеді. Жарылған ыстық су мен оның буынан жертөленің қабырғасы қақырап, шіріп, құлап жатыр. Судың иісінен жазда үйде тарақан, шыбын-шіркей пайда болады. Біздің мәселемізден қала әкімі Асқар Абылайұлы хабардар», - деді редакция тілшісімен телефон арқылы сөйлескен тұрғын.

Аталған мәселе бойынша Azattyq Rýhy тілшісі Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы әкімдігіне хабарласты. Жергілікті билік жертөле мәселесінен хабардар екенін жеткізгенмен, тұрғындардың «қызыл суға» шомылып отырғанын естімегенін айтты.

«Сәтбаев қаласындағы №43 тұрғын үйдің жертөлесінде болған мәселеден хабардармыз. Осы уақытқа дейін әкімдік тарапынан жөндеу жұмысы жүргізілді. Тек тұрғындардың өз қаражатына жөнделетін кейбір жағдайлар ғана қалған болатын. Аталған тұрғын үйдегі судың сапасын тексеруге мамандарды жібереміз», - деді әкімдіктің ресми өкілі Айгүл Төкеева.

Редакция тілшісіне жауап бергеннен кейін, әкімдіктің баспасөз қызметі тұрғын үйдегі су сапасын тексеруге мамандардың кеткенін хабарлады.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.