«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Орталық-Шығыс» дәлізінің құрылысы аяқталуға жақын
Павлодар облысының әкімі екі қала ортасындағы жаңа тас жолдың арқасында жол таңдамайтын көлігімен елордаға 3 сағат 20 минутта жетіпті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатыса отырып, ол аймақтағы жолдардың сапасына тоқталды.
«Нұрлы жолдың» сапасына тоқталсам, кеше сол жолмен 3 сағат 20 минут ішінде Нұр-Сұлтанға жеттім. Жол өте жақсы», - деді Болат Бақауов.
Оның айтуынша «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Орталық-Шығыс» дәлізінің құрылысы аяқталуға жақын. Жалпы, облыста барлығы 710 шақырым жол жөнделген. Бұл жұмыстарға 64 млрд теңге жұмсалған.
«Автотрассада өзен бойында жатқан Шідерті және Қалқаман елді мекендеріндегі жұмыстар қалды. Дегенмен, автобан толық ашылды. Жолдың екі бөлігінде ғана айналма жол бар, қалғанының барлығы жөнделді», - деді ол.
Павлодар облысының әкімі «жолдарды салып қана қоймай, оны күте білу керек» дейді. Үш жылдан бері әкімдік жүк көліктерінен түсетін салмақты азайтуға тырысқан. Қазір аймақта сапасын жоғалтпаған жолдардың үлесі 82 пайыз.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан