$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.10.2020, 11:42
Жаңалықтар

Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 12 отбасы баспаналы болды

Жоба аясында 123 отбасыға баспана салып беру жоспарланып отыр 

Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 12 отбасы баспаналы болды

Жамбыл облысында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тағы бір отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

Қоныс тойы Жуалы ауданының Ынтымақ ауылында өтті. Жалғызбасты ана Тұрсынгүл Пернебаеваға үйдің кілті салтанатты түрде табыс етілді. 33 жастағы әйел қазіргі уақытта екі баласын жалғыз өзі өсіріп отыр. 

«Ынтымақ тұрғынына үй салу туралы шешімді жергілікті әкімдік, мәслихат депутаттары мен ауыл ақсақалдары ақылдаса келе шешкен. Бұл шешімді ауыл тұрғындары қолдап, шаруа қожалық жетекшілері, ауылдағы мекеме ұжымдары, Шақпақата және Ынтымақ ауылдарына ауызсу жүйесін жүргізіп жатқан мердігерлер "Ақмешіт-Мелиоратор" және "Байсын-А" ЖШС төрағалары үлес қосып 1 млн 200 мың теңгеге үй сатып алып, жөндеп берген», - деді Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.  

Шығынды барынша азайту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мемлекеттік нысандардан шыққан жарамды материалдар үй құрылысына пайдаланылмақ. 

«Асарлатып үй салу» жобасы бойынша барлығы 123 үйдің кілтін табыс ету жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 12 үй пайдалануға берілді. Қалған 111 үй жыл соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.  Айта кетсек, бұл істердің барлығы «Рухани жаңғыру» жобасы аясында биыл жазда  қолға алынған. Қайырымдылық шарасына кәсіпкерлер мен  ауыл тұрғындары да көмек қолын соза алады. 

«Бұл – қазақы әдепті жаңғыртудың бір жолы. Ал облыс бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мемлекеттік нысандардан шыққан жарамды материалдар үй құрылысына пайдаланылмақ. Жомарт жандар да қол ұшын беруде. Сондай-ақ бұл – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Прагматизм» бағыты аясында жаңадан қолға алынған «Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобасын іске асырудың, яғни, ысырапшылдыққа жол бермеудің, мемлекет мүлкін талан-таражға салмай, игі іске жұмсаудың төте жолы», – деді  «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Зарина Қуатова. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары