Павлодарда жапырақтың үстіне асфальт төсеген мердігер бәрін қайта жасауға мәжбүр

Мердігер компанияның осыған дейін атқарған барлық жұмысы тексеріледі

Павлодарда жапырақтың үстіне асфальт төсеген мердігер бәрін қайта жасауға мәжбүр
Скриншот: видео

Әлеуметтік желілерде тараған жапырақтың үстіне асфальт төсеп жатқан мердігер компания туралы видео тұрғындардың ашуын тудырды. Бұл оқиға Павлодар қаласында болған.

Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына қала әкімі Ержан Иманслям барып, мердігер компанияны жапырақ үстіне төселген асфальтты қайта бұзуға мәжбүр еткен. 

Естай көшесі, 142 мекенжайындағы үйдің ауласына асфальтбетон төсеу жұмыстарын жүргізген «Бонус Строй» ЖШС мердігерінің технологиялық процесті сақтамағаны анықталды.

«Мердігерге төселген асфальтбетонды бұзу және жұмысты қайта орындау тапсырылды. Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөліміне осы жұмыстардың орындалуын бақылау жүктелді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Павлодар қаласының әкімі «Бонус Строй» ЖШС-ның осыған дейін атқарған барлық жұмысын тексеруді тапсырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.