Петропавлда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерге сұраныс жоқ

Автор: Azattyq Rýhy

Қалалық әкімдік үйлерді салғанымен, оны өткізуге келгенде шарасыздық танытып отыр

2017 жылы Петропавл аумағында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Солнечный-2» ықшам ауданының құрылысы басталған болатын. Жоспарға сай үш жылда 200-ден астам жер үй бой көтеруге тиіс еді. Әзірге 80-нен астам баспана тұрғызылған. Әрбір шаршы метрі 120 мың теңгеге бағаланған нысандардың алтауы ғана сатылған. Бір қарағанда тиімді болып көрінген ұсынысқа неге сұраныс жоқ? Azattyq Rýhy тілшісі зерттеп көрген еді.

Бір кездері бос жатқан аумақта құрылыс қарқын алып, шағын аудан бой көтере бастағанда қалалық әкімдікте жер кезегінде тұрған қызылжарлықтар бөркін аспанға атты. Себебі жаңа үйлер аталған тізімдегі азаматтарға арналған еді. Тегін емес, әрине. Қол жетімді бағамен. Арада екі жыл өтсе де, сырт көзге әдемі көрінген баспаналарға көшуге асыққан ешкім жоқ. Ауданда өлі тыныштық орнаған.

«Петропавл қалалық әкімдігі «Солнечный-2» ықшам ауданынан ұсынған баспананы барып көрдім. Үйлердің құрылысы аяқталғанымен, жол салынбаған. Инфрақұрылым жоқ. Типтік үйлердің екі түрі бар. Біріншісі 64 шаршы метр болса, екіншісі 90. Жер үй үшін тым кішкентай. Жоспары да қолайсыз екен. Мәселен, ас үйде екі бірдей терезе орналасқан. Қонақ бөлмесінде де солай. Тіпті жиһаз қоятын, қабырғаға теледидар ілетін де орын жоқ. Үйдің бағасы 10 миллион теңгеден асады. Бұл аз қаражат емес. Баспана алған соң, жайлы болғанын қалаймын. Ол бірнеше күн ғана пайдаланылатын зат емес. Бастапқыда жоспарды көрсеткенде барлығы әдемі болып көрінген. Шын мәнінде күткеніміздей болмай шықты. Үйден бас тартуға тура келді», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Ғалия Мұстафина.

Петропавл қалалық әкімдігінде 14 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Тұрсын Нұрмағамбетова ұзақ уақыт бойы баспана жоқтығының тауқыметін  тартып жүрген жандардың бірі. Жалғыз ұлы жол апатынан қайтыс болған. Қазір келіні мен кәмелеттік жасқа толмаған екі немересі пәтер жалдап отыр. Өзі қызының қолында тұрады. Үй сұрап облыс, қала әкімдерінің қабылдауына талай барған. Әзірге еш нәтиже жоқ.

«Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауында болдым. Ол шаһар басшысына  баспана беруге нұсқау берді. Бірақ  қалалық әкімдік мені ана бөлім, мына бөлімге жібереді. Баспана жоқ, уақытша үй де жоқ, жалға берілетіні де жоқ. Жүз сылтау табылады. Қазір электрондық кезек жүргізіледі. Алатындар алып жатыр. Біз сияқты қарапайым халық сабылып, бөтен біреулердің босағасын жағалап, пәтер жалдап күнелтіп жүр», - дейді күйінген Тұрсын апай.

Петропавлдағы мекемелердің бірінде қарапайым жұмысшы қызметін атқарып жүрген Тұрсын Нұрмағамбетованың жалақысы «Солнечный-2» ықшам ауданындағы үйлердің бірін алу үшін несие рәсімдеуге жетпейді. Ал табысы жеткендері су жаңа бапсаналардан бас тартып жатыр.

«Өткен жылы 72, биыл 11 үй салынды. Бастапқыда баспаналарды сатып алуға ниет білдігендер көп болды. Банк біразына несие беруден бас тартты. Оған көбінің қарызды төлеуге қауқарлы екенін дәлелдей алмауы себеп. Тағы да ауданы 64,5 шаршы метрлік 72 үй және 107,9  шаршы метр 139 үйді тұрғызу көзделген. Әлеуметтік нысандар салу мәселесі қаралып жатыр», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибуллин.

Ауданда мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар мүлде жоқ. Қаз-қатар тізілген жаңа үйлер былтырдан бері қаңырап бос тұр. Адам аяғы баспаған ауданда арам шөп қаулап өскен. Бос тұған үйдің тез бұзылатыны белгілі. Қалалық әкімдік үйлерді салғанымен, оны өткізуге келгенде шарасыздық танытып отыр.

Петропавл тұрғыны Ерлік Мұхамеджанов 10 жылдан астам уақыт бойы пәтерге қол жеткізе алмай жүрген жанның бірі. Ол елімізде жылжымайтын мүлік саласында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың барлығы дерлік қарапайым халық үшін қолайсыз екендігін айтады. Банкте төлем қабілетін растай алмағандықтан, «Солнечный-2» ауданындағы үйлерді қарастыруды да жөн санамапты.

«7-20-25 бағдарламасы қабылданғанда қуандым. Бірақ төлем қабілетін растай алмадым. Бір көзім жеткені, Солтүстік Қазақстанның жалақысымен баспана алу қиынның қиыны. Қалалық әкімдікте пәтер кезегінде тұрмын. Жай ғана тіркеле салдым, әкімдік арқылы баспана ала алмайтынымды ұқтым. Сондықтан кезегімнің қаншалықты жылжып жатқанын білу үшін жауапты мамандарға хабарласып көрген емеспін», - дейді ол.

«Солнечный-2» кентіне инженерлік желілер тарту үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 2 млрд 700 мың теңге бөлінген. 1-ші типтегі үйлердің құрылысына 206 млн 72 мың теңге, 2-ші типке 1 млрд 662 мың теңге қарастырылған.    

Петропавлда жылжымайтын мүліктің әр шаршы мертінің орташа бағасы 200 мың теңгеден асады. Осыны ескерсек, «Солнечный-2» кентіндегі үйлердің бағасы біршама қолжетімді. Үйлер ауданына қарай 1-ші және 2-ші типке бөлінген. Алғашқысы 64,5 шаршы метр, бағасы 7 миллион 740 мың теңге. 2-ші типтік 90 шаршы метр үйлердің құны 10 миллион 800 мың. Әр үйдің аумағында 10 сотық жері де бар. Ықшам ауданның қолайсыз жерде орналасуы да сұраныстың болмау себептерінің бірі.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО