Нұр-Сұлтан әуежайынан 4 адамды депортациялады

Автор: Azattyq Rýhy

132 жолаушы стационарлық карантинге жатқызылды 

Фото: ашық дереккөзден

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан әуежайына ұшып келген 573 жолаушының 132-і стационарлық карантинге жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бір тәулік ішінде Нұр-Сұлтан әуежайына 5 ұшақ қонды, рейстерді Air Astana, Turkish Airlines, Belavia және Flydubai авиакомпаниялары жүзеге асырды. Барлығы 573 жолаушы ұшып келсе, соның 132-інде ПТР-тесті болған жоқ, олар стационарлық карантинге жіберілді. ПТР-тестін тапсырғаннан кейін оларды үйлеріне жібереді, егер тест нәтижесі оң болған жағдайда олар жұқпалы аурулар ауруханасына жіберіледі. ПТР-тест мерзімі өтіп кеткен 4 жолаушы депортацияланды», - деп хабарлайды Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мемлекеттік органдармен бірге коронавирус инфекциясының алдын алу үшін нақты шаралар кешенін жүзеге асыруда:

  • Жолаушылар міндетті түрде термометриядан өтуі керек. Ол үшін тепловизорлық смарт-камералар қолданылады.
  • Жолаушылар терминалында тәулік бойы санитарлық-карантиндік бекет бригадалары кезекшілікте жүреді.
  • Ішкі және халықаралық рейстерде ұшу және қону аумақтарында жолаушыларға арналған санитайзерлер орнатылған.
  • Жолаушыларды тіркеу, сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының аумағында 1,5 метрлік әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету тәртібі еденде нақты сызбамен көрсетілген.
  • Әуежайдың ішкі аумағын арнайы дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, санитарлық өңдеу жиілігі артты. Вирусқа қарсы белсенділікке ие антисептик қолданылады.
  • Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына келетін әуе кемелерінің бәрі де дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Сонымен қатар тұрақты түрде жолаушыларға қызмет көрсететін техникада дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.
  • Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша әуежай қызметкерлерімен нұсқаулық жүргізіледі.

Айта кетейік, 6 қазаннан бастап ҚР Бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде коронавирустық инфекция ауруларының алдын алу бойынша шараларды одан әрі күшейту туралы жаңа қаулысы күшіне енген болатын.