Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын бұзған бизнес субъектілері жабылады

Елордада 14 қазаннан бастап ШОБ жұмысына жаңа шектеулер енгізілді

Нұр-Сұлтанда карантин талаптарын бұзған бизнес субъектілері жабылады

Мобильді топ карантин режимін сақтауды бақылау бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты. 

Полицейлер, СЭС өкілдері және Байқоңыр ауданы әкімдігінің қызметкерлері өткен тәулікте бірқатар нысандарды тексерді. Кәсіпорындар мен мекемелер әлі де болса талаптарды орындамаған.

Байқоңыр ауданының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметінше, жиі талап бұзған нысандар арасында белгілер мен дезинфекциялық кілемшелердің болмауы, жұмыс режимінің сақталмауы көп кездеседі.

Атап айтқанда, Т.Хусеин көшесі, 11 мекенжайындағы көлік жуу орнының иелері жұмыс режимін бұзған, сағат 22:45-те мекеме ашық болған.

Кенесары көшесі, 47 мекенжайындағы "Мафия" ойын клубында қорқор жұмыс істеген.
Сондай-ақ, мобильді топ "Шанхай" базарынан талап бұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда, кіреберістегі дезинфекциялық кілемшелер, белгілер мен санитайзерлер болмаған. Термометрия тексерілмеген.

Басқа аудандардағы тәртіп бұзған нысандар: "Империя" СПА салоны (Ырғыз к-сі, 23) "Sova" караоке клубы (Күйші Дина к-сі, 24) "Мадина" дүкені (Борабай к-сі, 10).

"Әр ауданда екі мобильді топ, біреуі – күндіз, екіншісі – кешке жұмыс істейді. Қазіргі таңда карантин шаралары күшейтіліп жатыр. Сондықтан мобильді топтар тексеретін негізгі орындар халық көп болатын жерлер: базарлар, қоғамдық тамақтану орындары, мектептер, өндірістік кәсіпорындар. Тексерулер барысында біраз кемшіліктер анықталуда: жұмыс графигінің, маска тағу тәртібі, әлеуметтік қашықтық сақталмауы, кассаларда адамдардың топталуы көп болуда. Көп кәсіпорындарда санитайзер ілініп тұрғанымен, оны халық қолданбайды. Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады”, - деді Байқоңыр ауданы тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Икласова.

Еске сала кетейік, елордада 14 қазаннан бастап ШОБ жұмысына жаңа шектеулер енгізілді. Заң бұзғаны үшін айыппұл салынады. Тұрғындар маска тағу режимін қатаң сақтап, антисептиктерді қолданып және қашықтықты сақтауы қажет.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.