14 қазаннан бастап елордада карантин режимі күшейтіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері кемінде 60%-ы қашықтан жұмыс режиміне ауысады

Фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтанда 14 қазаннан бастап карантин режимі күшейтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен олардың квазимемлекеттік секторының кемінде 60%-ы қашықтан жұмыс режиміне ауысады. Адам көп жиналатын жеке ұйымдар жұмысшыларды қашықтан жұмыс режиміне ауыстыруы қажет. Індетті жұқтырудың негізгі ошақтары - ұжымдық (еңбек) ошақтар. Жұмыс орындарында санитария-эпидемиология нормаларының қатаң сақталуын бақылау қажет», - деп жазылған хабарламада.

Кафе, мейрамхана, бар, асхана және басқа да қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс уақыты 22 сағатқа дейін (9:00-ден 22:00-ге дейін) қысқартылады. Жұмыс күндері де, демалыс күндері де. Толтырылуы 30 орыннан артық емес.

Нотариустардың, адвокаттық кеңселердің, бухгалтерлердің, консалтингтің, жылжымайтын мүлік агенттіктерінің, жарнама агенттіктерінің, сот орындаушыларының, туроператорлардың және т.б. жұмыс кестесі сағат 18-ге дейін (9:00-ден 18:00-ге дейін). Жұмыс күндері де, демалыс күндері де.

Азық-түлік емес тауарлар мен заттарды сататын бутиктерге тек жұмыс күндері 18 сағатқа дейін жұмыс жасау рұқсат етіледі.

Монша, бассейнмен қамтылған сауналардың жұмыс кестесі: жұмыс күндері 8:00-ден 21:00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері 9:00-ден 19:00-ге дейін. Алдын-ала жазылу міндетті. 

Жексенбіде қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады. Автобустар дезинфекцияланады.