Олар 12 қазаннан жұмысын бастады
Коронавирус инфекциясының таралуының алдын-алу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев және Мамлют аудандарында алты блок-бекет қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау мамандарымен, медицина қызметкерлері және әкімдіктердің өкілдерімен бірлесе, тәртіп сақшылары қауіпті індеттің таралуына жол бермеу бойынша қызмет атқаруда. Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев қаласында 9 қазаннан бастап блок-бекет қойылды. Қазір аудан орталығына кіруді бірден 4 блок-бекет бақылайды. Мамлют ауданының Мамлютка қаласында 2 блок-бекет жұмыс істейді. Олар 12 қазан күні сағат 00:00-ден жұмысын бастады. Сонымен қатар полицейлер Есіл ауданының әкімшілік орталығы – Явленка селосын бақылауды күшейтті.
Полицейлер ауыл тұрғындарына бетперделерді дұрыс тағу мен арақашықтықты сақтау туралы ескерте отырып, көшелердегі қоғамдық тәртіпті қадағалауда.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, шілде айының ортасынан бастап облыс бойынша ҚР ӘҚБтК «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» 425-бабы бойынша 1547 заңбұзушылық анықталған. Петропавл қаласы аумағында осы бапты бұзудың 745 фактісі анықталды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО