Қалада мобильді топтар рейд жүргізді
Бір тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдерімен бірлесіп 141 кәсіпкерлік объектісін тексеріп, 70 карантин бұзушылық анықтады. Барлық тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданында «Дәулет» сауда үйінде мониторингтік тексеру кезінде термометр мен дезинфекциялық кілемше болмаған, ал жалға алушылар маска режимін сақтамаған. «Забава» дүкенінде термометр болмаған. Осы сауда нысандарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Байқоңыр ауданының бірнеше компьютерлік клубында, жөндеу пункттерінде, дүкендерінде, моншалары мен кафелерінде осындай бұзушылықтар анықталды. Олардың иелеріне түсініктемелер беріліп, айыппұл салынды», - деп жазылған ақпаратта.
Көптеген қала тұрғындары көпшілік жиналатын орындарға, саябақтарға, скверлерге, базарларға баратын демалыс күндері тәртіп сақшылары сақтық шараларын еске салып, азаматтарды қоғамдық орындарда жауапкершілікпен қарауға, санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтықты міндетті түрде сақтауға шақырады.