Қазақстан мен Украинаның құзырлы органдары бірлескен тергеу топтарын құрады

Автор: Azattyq Rýhy

Сенат екі ел арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялайтын заңды қабылдады

фото: hubs.ua

Бүгін ҚР Сенатаның кезекті отырысында Қазақстан мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау мәселесі талқыланды.

Еліміздің Бас прокуратурасы ұсынып отырған шарт күдікті мен айыптының кінәсін дәлелдеуге бағытталған кешенді процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыру мүмкіндігін береді. Яғни, екі елдің құзырлы органдары кешенді тергеу жұмыстарын жүргізу құқығына ие болмақ. Ол күзетпен ұстап отырған адамдарды тінту, тәркілеу және өзге де тергеу амалдарын қамтиды.

«Құжат тергеу органдарының жұмысының жеделдігін арттырады. Сондай-ақ қажет жағдайда бірлескен тергеу топтарын құруға болады. Жалпы, шартты ратификациялаудың экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыда кері әсері жоқ», - деді Марат Ахметжанов.

Жиында сонымен қатар екі ел арасындағы экстрадиция мәселесі де сөз болды.

«Өткен жылы біз Украинамен экстрадиция мәселесі бойынша шарттарды бекіткенбіз. Бүгін қылмыстық істер бойынша шарттарды қарастырып отырмыз. Бұл мәселелерді бөлмей, кешенді түрде бір құжатпен біріктіруге болмай ма?» - деді сауал жолдаған депутат Нұржан Нұрсипатов.

Марат Ахметжанов аталған мәселелердің қаралу барысы екі бөлек екендігін атап өтті.

«Бұл жерде БҰҰ ҚК қарары бойынша әрбір бағыттың өз құқықтық нысаны бар. Сондықтан аталған мәселелерді бөлек-бөлек қарастырғанды жөн көрдік» - деді  ҚР Бас прокурорының орынбасары.

Сенат депутаттары аталған құжатты талқылаудан кейін қабылдады.