Маневрлік қуаттар салуды ынталандыру арқылы жылына 10-12 миллиард теңге үнемдеуге болады
Маневрлік қуаттар салуды ынталандыру арқылы жылына 10-12 миллиард теңгені үнемдеуге болады. Яғни, заңға өзгерістер енсе, реттеу бойынша көрсетілетін қызмет үшін Ресейге кетіп жатқан қаражат елде қалады, дейді Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов.
«Бүгінгі күні елімізде электр қуатының профициті бар, ол шамамен 3000 МВт құрайды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта маневрлік қуаттар тапшылығы байқалады. Тәуліктің кешкі уақытында жоғарылауына және түнгі уақыттарда төмендеуіне байланысты электр энергиясын біркелкі тұтынбау электр станцияларының жедел ауыспалы жұмысын талап етеді», - дейді Ш. Өтемісов.
Осыған байланысты заң жобасында генерацияның маневрлік режимі бар қуаттарды салу үшін тартымды жағдайлар жасау ұсынылды. Бұл өз мүмкіндіктерінің есебінен өндіріс-тұтыну теңгерімсіздіктерін реттеуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте жобаларды іріктеудің аукциондық тетігі қолданылатын болды.
«Электр станцияларын салу жөніндегі жобаларды іріктеу үшін алдымен тендерлік жүйені қолдану ұсынылды. Алайда, жобаны талқылау кезінде тендер тәсілін аукционға аудару туралы шешім қабылдады. Бұл өзгерістер Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің сыртқы көздерге тәуелділігін төмендетеді. Сонымен қатар, реттеу бойынша көрсетілетін қызмет үшін бүгінгі таңда Ресейге кетіп жатқан қаржы қаражаты елімізде қалады. Ал бұл – жыл сайын шамамен 10-12 млрд теңге»,- деді депутат.
Айта кетерлігі, Қазақстан әлемдік үрдістерге сүйене отырып, жасыл энергетиканы дамытуға бет бұрды. Бүгінде елімізде қуаттылығы 1507 МВт болатын, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын 105 объект жұмыс істеп тұр. «Генерацияның маневрлік режимі бар объектілерді салу үшін құқықтық база жасау – қажетті шара» деп түйіндеді Мәжіліс депутаттары.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан