2025 жылға дейін кеме жүк тасымалы 300 мың тоннаға артады – ИИДМ

Автор: Azattyq Rýhy

Ал өзен тасымалдарының көлемін 1,5 миллион тоннаға көбейту көзделген

Фото: ашық дереккөзден

Каспий теңізінен Қара теңізге дейін жүк тасымалдау Волга-Дон каналы арқылы жүзеге асады. РФ заңнамасына сәйкес, жүктерді тасымалдауға рұқсат алу үш айдан алты айға дейінгі мерзімде беріледі. Бұл кедергілерді шешіп, жүк тасымалын арттыру туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Келісімге қатысушы елдердің ішінде кемелердің транзиттік жүзуі тек Ресейдің ішкі су жолдарымен жүзеге асырылады. Қазіргі кезде транзиттік өтуге рұқсатты Ресей Федерациясы Үкіметі береді және осы рұқсатты алу бізде үш айдан алты айға дейінгі мерзімді қамтиды. Негізінен, жүк Қара теңіз порттарынан қазақстандық порттарға Волга-Дон каналы арқылы жеткізіледі. Ресейдің ішкі су жолдары арқылы тек қазақстандық компаниялардың жеңілдетілген тәртіппен өту мүмкіндігі бар болғандықтан, қазіргі уақытта бізге Еуразиялық Одаққа мүше емес, Каспий маңындағы Әзірбайжан, Иран, Түркменстан сияқты елдер Қара теңіз порттарына жүкті тасымалдау үшін қазақстандық компанияларға өздерінің дайын жүк тасымалын тартуға дайын екенін білдіріп отыр. Бұл ретте Ақтау және Құрық порттарының Транскаспий көлік маршруты бойынша қабілеттілігі артады. Келісімді қабылдау нәтижесінде Ресейдің ішкі су жолдарымен транзиттік тасымалдауды біз 2025 жылға дейін 300 мың тоннаға дейін арттыруды көздеп отырмыз»,- деді вице-министр. 

Сондай-ақ 2025 жылға дейін өзен тасымалдарының көлемін 1,5 миллион тоннаға көбейту көзделіп отыр.

Қазіргі таңда Ақтау, Құрық порттарының қуаты 27 миллион тоннаға дейін жүк тасымалын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жүктердің басым бөлігі астық, құрылыс материалдары және мұнай, металл, өнеркәсіптік өнімдер.