Қазақстанда 20 млн тоннадан астам астық бастырылды – АШМ

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР АШМ мәліметінше, астық алаңдарының 99,5%-ы жиналды 

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды, оның қорытындысы бойынша 20,1 млн тонна астық бастырылды, деп хабарлады Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

«Бүгінгі таңда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау бойынша жалпы егін жинау алаңының 99,5%-ы аяқталды. Республика бойынша егін жинау алаңы 15,8 млн га құрады, орташа өнімділік гектарынан 12,8 центнерді құраса, 20,1 млн тонна астық бастырылды», - деп хабарлады Омаров.

Оның айтуынша, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің көлемі елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және 7-8 млн тонна астық көлемінде экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді.

Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан