6 қазанда Алматыда театрлар жұмыс істей бастайды

Автор: Azattyq Rýhy

Жандарбек Бекшиннің коронавирустың алдын-алу шаралары туралы жаңа қаулысы жарияланды

Фото: ашық дереккөзден

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің коронавирус инфекциясының алдын-алу шаралары туралы жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жаңа қаулы бойынша Алматыда театрлардың жұмысына рұқсат берілді. Театрларда отыру орындарының толуы 50% аспауға тиіс.

«Мәдени нысандарда әлеуметтік арақашықтық сақталуы міндетті. Сондай-ақ, санитарлық-дезинфекциялық режим, желдету және ауаны баптау жүйелері үздіксіз жұмыс істеп тұруы керек. Оған қоса, ауаны сәулелендіру (кварц) ұсынылады», - делінген қаулыда.

Сонымен қатар қаулыға сәйкес, халыққа байланыссыз қызмет көрсететін нысандар үшін (автокөлік жуу орындары, автокөлікке техникалық қызмет көрсету станциялары, дөңгелек жөндеу станциялары, тұрмыстық техниканы жөндеу орындары, аяқ киім шеберханалары, химиялық тазалау және кір жуатын орындар және т.б.) жұмыс уақытын таңғы сағат 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін ұзартылады. Сондай-ақ жұмыс, демалыс және мереке күндері таңғы сағат 05:00-ден түнгі сағат 00:00-ге дейін жеке ғимараттарда орналасқан қоғамдық тамақтану нысандарына (асханалар, кофеханалар, кафелер және т.б.) барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, жеткізу қызметін көрсетуге рұқсат берілді.

Құжат 6 қазанда сағат 00:00-де күшіне енеді.