Тұрғындар жергілікті билік пен құзырлы органдардан күдер үзгенін айтты
Алматыда көше сатылып кеткен. Енді Алатау ауданының жеті үйі жолсыз қалуы мүмкін. Тұрғындар жергілікті билік пен құзырлы органдардан күдер үзген, себебі мәселені бір жарым жылдан бері шеше алмай келе жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телнарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның хабарлауынша, жүз метрлік көшені бір жарым жыл бұрын жеке тұлға сатып алыпты. Мұны естіген тұрғындардан маза қашқан. Өйткені көше иесі өзіне тиесілі жерді қоршап алатынын ескертіпті. Ал тұрғындардың дауын жергілікті билік пен құзырлы органдар бір-біріне сілтеп келген. Аудан әкімдігі бұл аумақ облыстан қалаға өткелі жер дауы көбейгенін айтады.
«Қазір де біз архитектура басқармасымен сөйлестік. Осы жылдың соңына дейін қызыл сызыққа енгізіп, оны Алматы қаласы өзіне алатын болады. Бұл Қарасай ауданынан бастап осындай болып келген. Жолдың бойына отырғызған, бізде ондай 4-5 мәселе бар. Бұл Алатау ауданындағы өте көп проблеманың бірі», - деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Әділет Тоқтасынов.