Еліміз бойынша 24 ауданның 46 елді мекеніне карантин енгізілді
Қазақстан бойынша мәжбүрлі вакцинация аясында 8 облыстың 60 ауданындағы 424 ауылдық округте 1,7 млн құсқа екпе салынды. Жалпы, өңірлерге құс тұмауына қарсы 7,7 млн доза вакцина бөлінді. Бұл туралы ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мәлімдеді.
«Жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша бекітілген ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес, ағымдағы жылдың ақпан айында вакцинация жүргізу үшін құс тұмауына қарсы 3,3 млн-нан астам вакцина бөлінді. Қосымша қыркүйек айында құс тұмауын жұқтыру ошақтарын оқшаулау үшін республикалық резервтен 3,1 млн доза бөлінді. Ал осы аптаның соңында тағы 1,3 млн доза жеткізіледі. Осылайша, өңірлерге вакциналардың 7,7 млн дозасы бөлінді. Вакцинация тегін жүргізіледі», - деді Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті өкілі.
Қабдолдановтың айтуынша, Құс өсірушілер одағымен және Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен келісілген стратегия бойынша, республикалық бюджет есебінен тек қана аналық табынға, сондай-ақ құс фабрикаларының айналасындағы 20 шақырымдық аймақтағы жеке ауладағы құстарға және жабайы құстардың ұшу жолына профилактикалық вакцинация жүргізіледі.
«Қолданыстағы ветеринарлық заңнама аясында құс фабрикалары өздері вакцинация жүргізеді. Бұл ретте бройлерлік бағыттағы құс фабрикалары бройлерлердің өмір сүру мерзімінің аз болуына (36-40 күн) байланысты вакцинация жүргізбейді. Олар тәуліктік балапандар мен инкубациялық жұмыртқаны құс фабрикаларынан алады, онда аналығы құс тұмауына вакцинацияланған. Жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары тауықтардың аналығын вакцинациялайды», - деп қосты спикер.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан