Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G интернет желісі 2022 жылы іске қосылады

Автор: Azattyq Rýhy

Ал, өзге облыс тұрғындары мұны 2025 жылға дейін күтуі тиіс

Елімізде секундына 4-6 терабит жылдамдықта интернет тарататын желі 2021 жылдың соңына дейін іске қосылады. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін елдің барлық өңірі 5G ұялы байланысын қолдана алады.

Бүгін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Үкіметте интернетке кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде баяндады.

«Транзиттік потенциалды дамыту шеңберінде Транстелеком және Азертелеком компаниялары Каспий теңізінің түбінде секундына 4-6 терабит жылдамдықты құрайтын, 400 шақырым желісін құрастыруда. Бұл жоба 2021 жылдың соңына жоспарланған. 5G ұялы байланыс стандартын енгізу бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 11 тестілік сынақ жүргізді. Керекті жиілік диапазондарын босаттық. Әрі қарай операторларға тарату механизмі қарастырылады. Сонымен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G желілері 2022 жылы іске қосылады. Ал облыс орталықтарында 2025 жылға дейін жоспарланып отыр», - деді министр.

Сонымен қатар, министрлік мемлекеттік бақылау мақсатында 17 жылжымалы өлшеу кешенін сатып алады. Нәтижесінде, халықтық және мемлекеттік бақылаудың деректері бір жүйеге жиналады.

Министрдің айтуынша, интернет сапасына халықтық бақылау жүргізу үшін Bailanys.bar сервисі іске қосылды. Қазіргі уақытта 50 мыңнан астам адам оны қолдануда.