Коронавирустың екінші толқынына дайындық 15 қазанға дейін аяқталады

Автор: Azattyq Rýhy

Отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың маска шығаруда

Фото: ашық дереккөзден

Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласының медициналық мекемелеріне 129 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді. Тағы 181 аппарат өңірлерге жөнелтіледі. Коронавирустың екінші толқынына дайындық туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Елорданың медициналық мекемелеріне 129 өкпені жасанды желдетудің стационарлық аппараты жеткізілді. Ал өндірісте және стендтық сынақтарда 1190 аппарат бар. Оның 181 бірлігі жөнелтуге дайын. Бірінші қазаннан бастап оларды Алматы, Шымкент қалаларына жеткізу жоспарлануда. Оныншы қазанға дейін ел бойынша 297 ауруханаға жеткізілетін болады»,- деді министр. 

Сондай ақ, қоймаларда 15 миллион маска бар. Отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың маска шығаруда.

«Күн сайын 330 мың медициналық қолғап шығарылады. Қоймаларда 7 миллион жұп қолғап қоры бар. Ал қорғаныс костюмдерін өндіруде 6 отандық компания айына 504 мың костюм шығарып отыр. Жыл соңына дейін қуаттылық бір миллионға дейін артады»,- деді министр.

Айта кетерлігі, 15 қазанға дейін 264 бірлік жедел жәрдем көлігі өңірлерге жеткізіледі. 

53 рентген аппараты жасалды. Оның әр данасы 41,5 млн теңге тұрады. Алғашқы 20 аппарат қазан айының басында Қостанай және Ақтөбе қалаларына жеткізіледі. Қалған аппаратты жеткізу осы жылдың 15 қазанына дейін жоспарланған.

Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан