Кейін қылмыстық іс тоқтатылған еді
Павлодарда пара алды деген күдікке ілінген экономикалық соттың төрағасы Талғат Тағажай жұмыстан қуылмақ. Бұл туралы Жоғары сот кеңесінің сот алқасы шешім шығарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Судья осы жылдың наурызында кәсіпкерлердің бірінен 20 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған. Кейін жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері оның пара алуға оқталғанын айтып, қылмыстық істі тоқтатқан еді. Десе де, қызметінен уақытша шеттетілген судья бұл лауазымға қайта келмейтін болды.
«Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Тағажай судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін судья қызметінен босатылды және тәртіптік жауапқа тартылды», - Павлодар облыстық соты баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Маржан Құрманғалиева.