27 қыркүйекте прокатқа шыққан кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді
Отандық фильмнің сатылымға шығатыны туралы фильм режиссері Ақан Сатаевтың өзі мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Томирис» фильмін дүние жүзіне сату мақсатында, американдық «ArcLight Films» компаниясымен келісімге келдік, - деп жазды А. Сатаев өзінің Facebook парақшасында.
Айта кетсек, бұған дейін 27 қыркүйекте прокатқа шыққан кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. Ол махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғыста Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасады.
Фильмге еліміздің танымал кино жұлдыздары түсті, олар: Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мұрат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпеков және басқалары. Кирдің рөліне Ридли Скоттың «Царство небесное» фильмінде Саладин патшаның рөлі арқылы танылған голливуд актері Гасан Масуд шақырылған.