Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы құс тұмауына қатысты мәлімдеме жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстандағы құс тұмауы: бұл ауру туралы нені білуіміз керек?

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы ел бойынша жеті облыста құс тұмауының таралуына байланысты мәлімдеме жасады.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми дерегі бойынша, H5N8 құс тұмауының өршуі Ақмола (703 бас құс қырылды); Жамбыл (238 бас құс); Қарағанды (102 бас құс); Қостанай (111 785 бас құс); Павлодар (2 753 бас құс); Солтүстік Қазақстан (107 655 бас құс); Түркістан (273 бас құс) облыстарында тіркелген. Жалпы, жеке қосалқы шаруашылықтарда 20 мыңға жуық құс басы және құс фабрикаларында 200 мыңнан астам құс басы қырылды.

Әзірге құс тұмауының өршуі нақты неден басталғаны анықталмаған. Ресми қорытындыларға сәйкес, ауру көзі жабайы жыл құстары болуы мүмкін.

Қауымдастықтың мәліметінше, бүгінде жұмыртқа бағытындағы құс өсіру кәсіпорындары құс ауруының таралуына жол бермеу бойынша шұғыл шаралар қабылдаған. Құс фабрикаларында қосымша дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, тікелей құс тұмауына қарсы құс басын жоспардан тыс вакцинациялау жүзеге асырылып жатыр (бұл вакцинация міндетті тізімге кірмейді).

«Біз құс тұмауының жағдайы бақылауға алынады деп үміттенеміз. Қазіргі уақытта жеке аулалардағы құстарға тұмауға қарсы вакцинация жүргізу қажет. Сондай-ақ бұрын тұмауға қарсы вакцинациялау жүргізбеген құс фабрикалары үшін вакцина бөлу қажет, өйткені бұл аурудың соңғы өршуі Қазақстанда 2005 жылы тіркелген болатын. Сонымен қатар, құс фабрикаларының банкрот болуына және жеке қосалқы шаруашылықтардың зардап шегуіне жол бермес үшін кәсіпорындарға және құс өлімі тіркелген жеке аулаларда құс ұстайтын адамдарға келген шығынның орнын толтыру мәселелерін қарастыру қажет деп санаймыз», - деп атап өтті ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божко.

Қауымдастықтың хабарлауынша, ауру тек мекиен тауықтардың арасында ғана таралады, ал бройлер құсының ауруға шалдығуы бойынша дерек тіркелмеген. Сол себепті, өнеркәсіптік өндірістегі құс етін, сондай-ақ одан жасалған өнімдерді тұтыну халық үшін қауіп төндірмейді.

«Бұдан басқа, бүгінгі күні дүкен сөрелерінде ұсынылған құс фабрикаларының өнімдері ветеринариялық тексеруден өтеді және тиісті сертификат болған жағдайда тамаққа қолдану үшін мүлдем қауіпсіз.

Жұмыртқа өнімдерінің қауіпсіздігіне келетін болсақ, індет жұмыртқа өндіру бағытындағы екі құс фабрикасында тіркелді. Қазіргі уақытта осы кәсіпорындардан өнімдерді жөнелту тоқтатылды. Жалпы, елімізде осындай 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы толық тексеруден өтті», - деп хабарлайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) деректері бойынша, құс тұмауы – А типті тұмау вирусының штамдарынан туындаған құстардың жұқпалы ауруы. Инфекция құстарда белгілердің кең ауқымының пайда болуына – байқалмай өтетін жеңіл аурудан бастап, ауыр індет тудыратын жылдам өлімге әкелетін ауруға дейін әкелуі мүмкін.

Әдетте құс тұмауы ауырған құстан адамға жұқпайды. Дегенмен, кейбір жоғары патогенді штамдар адамдарда ауыр тыныс алу ауруын тудыруы мүмкін.

Қауымдастықтың хабарлауынша, құс етін және одан жасалған өнімдерді тамаққа қолдану тиісті гигиена және тамақ дайындау ережелерін сақтаған кезде қауіпсіз. ДДСҰ-ның пікірінше, аурудың өршуіне ұшыраған аудандарда да құс еті мен өнімдерді тамақты дайындау барысында тиісті түрде дайындалған және тиісті түрде өңделген шартпен тамаққа қолдануға болады.

Сонымен бірге, үй құсын және одан жасалған өнімдерді шикі күйде пайдаланған соң қолды мұқият жуу керек.

ДДСҰ сарапшылары тамақты вирус өлетіндей температурада (тағам өнімдерінің барлық бөліктерінде 70°C) дайындаса, жақсы қайнатылған немесе қуырылған құс ешқандай қауіп төндірмейді. Сондай-ақ, «жұмсақ қайнатылған» жұмыртқаны жеуге кеңес берілмейді.

Сондай-ақ, құс тұмауы дайындалған тағам арқылы жұқпайды. Бүгінге дейін вирус анықталған құс етінен немесе немесе одан жасалған өнімдерді қолдану нәтижесінде құс тұмауын жұқтырып алғаны жайлы дерек жоқ.