Футболдан Қазақстанның 2019 жылғы үздіктері анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстан футбол федерациясы үздіктерді марапаттады

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан футбол федерациясы 2019 жылғы маусымның қорытындысы бойынша үздік ойыншыларды, бапкерлер мен менеджерлерді салтанатты марапаттау рәсімін өткізді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазақстан Премьер-лигасының үздік футболшысы» атағына елордалық «Астана» командасының жартылай қорғаушысы Марин Томасов лайық деп танылды. Ал Алматының «Қайрат» клубының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан «Қазақстан ұлттық құрамасының үздігі» атанды. Шымкенттің «Ордабасы» клубының қақпашысы Дмитрий Непогодов, «Астана» қорғаушысы Дмитрий Шомко, «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан, «Ақтөбе» шабуылшысы Абат Айымбетов өз шебінде үздік деп саналды. Қызылорданың «Қайсар» командасының бас бапкері, болгар маманы Стойчо Младенов «Үздік бапкер» атанды. Ал «Бірінші лиганың үздік сұрмергені» атағына Ақтаудың «Каспий» командасының шабуылшысы Айдос Тәттібаев ие болса, Петропавлдың «Қызылжар» командасының бас бапкері Әли Әлиев үздік атанды.

Екінші лигада «Үздік бапкер» атағына Шымкенттің «Қыран-М» клубының бас бапкері Фархадбек Ирисиметов қол жеткізсе, Қарағандының «Шахтер-М» клубының шабуылшысы Матвей Герасимов «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді. Футзалда талдықорғандық «Жетісу» ойыншысы Эвертон «Үздік сұрмерген» болса, «Үздік ойыншы» аталымына «Ақтөбе» ойыншысы Қайрат Иманалин ие болды. Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» командасының бас бапкері Кака «Үздік бапкер» атанды. Қыздар футболында «Үздік сұрмерген» және «Үздік ойыншы» номинациясымен Шымкенттің «БИИК-Қазығұрт» ойыншысы Адиля Вылданова марапатталса, сол клубтың бапкері Калоян Петков «Үздік бапкер» болды.