Павлодар облысында тағы 9 оқушыдан коронавирус анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ауру симптомсыз өтіп жатыр

Павлодар облысында мектеп жасындағы 9 баладан COVID-19 вирусы анықталды, деп хабарлайды Irbistv.kz. Олардың төртеуі – мектепке барып жүрген оқушылар.

Шарбақты ауданы Алексеевка ауылындағы орта мектепте коронавирус алғашында бір баладан анықталған. Санитарлық дәрігерлер онымен байланыста 44 адамның болғанын мәлімдеді. Артынша байланыста болған 3 баланың тест қорытындысы оң нәтиже көрсетті. Олардың бәрінде ауру симптомсыз өтіп жатыр.

«Баланың жағдайы бірқалыпты, шағымы жоқ, симптомсыз өтіп жатыр. 16 қыркүйекте ол сабақтан босатылды, үй карантинінде жатыр. Мектепте шұғыл тексеріс бастап, эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр», - деді Павлодар облысының бас санитар дәрігері Батырбек Әлиев.

Алексеевка ауылындағы мектеп уақытша жабылды, эпидемиологиялық ахуал қалпына келгеннен кейін қайта ашылады.

Облыста тағы 5 бала вирус жұқтырған. Олардың үшеуі Павлодар қаласында болса, бірі – Ақсуда, бесіншісі – ауданда. Балалардың барлығы қашықтан білім алып жатқан.