Ол қайын атасының банк картасын ұрлап кеткен
Ақтөбе тұрғыны қайын атасының атынан 6 несие алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
47 жастағы тұрғын тамыз айында полицияға жүгініп, өзінің атынан белгісіз біреудің 6 жерден онлайн несие алғанын айтқан.
«Тергеу барысында оның 24 жастағы күйеу баласы ұсталды. Ол қайын атасының жеке куәлігін алып, микронесие рәсімдеген. Содан кейін банк картасын ұрлап, ақшаны шешіп алған», - деп жазылған баспасөз хабарламасында.
Бұл факт бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция тұрғындарды құжаттардың фотосын жібермеуге және банк картасын ешкімге бермеуге шақырады.