Елордада жастарға берілетін пәтерге өтініш қабылдау мерзімі ұзартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Құжаттар  12 қараша сағат 22.00-ге дейін қабылданады

Фото: ашық дереккөзден

Елордада жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге өтініш қабылдау мерзімі бір күнге ұзартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«2019 жылдың 11 қарашасында сағат 12.20-да Smart Astana порталының жұмысы қалпына келтірілді. Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйге құжаттарды қабылдау 12 қараша сағат 22.00-ге дейін ұзартылды», - делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетсек, Жастар жылына орай Елбасының тапсырмасымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкен қалаларында жұмысшы жастарға тұрғын үйді беру бойынша ережелерді бекіткен болатын. Аталған тапсырманы ҚР Тұңғыш Прездиенті Н.Ә.Назарбаев 2019 жылдың 23 қаңтарында Жастар жылының ашылу салтанатында берген еді.

Жалға берілетін тұрғын үйге 29 жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу жоспарларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын азаматтар өтініш бере алады.

Тегтер: