Кездесу дәрі-дәрмекпен қамту саласындағы проблемаларға арналды
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой онлайн-форматта «СҚ-Фармация» ЖШС Қоғамдық жұмыс тобының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу дәрі-дәрмекпен қамту саласындағы проблемаларды, мүмкіндіктер мен жүйелі мәселелерді, сондай-ақ өзара іс-қимыл тетіктерін анықтауға арналды. Қатысушылар министрмен бірге дәрі-дәрмекті сатып алуды жетілдіру, жоспарлау және логистика, фармацевтика нарығының даму мәселелерін талқылады.
«СҚ-Фармация» жұмыс тобының мүшелері бірыңғай дистрибьютор жүргізетін пандемияға қарсы күрес жөніндегі жұмысқа азаматтық қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз етуді ұсынды. Отырыста әлеуметтік маңызы бар орфандық препараттарды қоса алғанда, дәрі-дәрмектердің мерзімі мен оларды тіркеу мәселелері көтерілді», - деп жазылған хабарламада.
Өз кезегінде, министр бүкіл әлемде кез келген препарат міндетті тіркеуден өтетінін, өйткені өнімнің қауіпсіздігі пен тиімділігіне қатысты мәселе туған жағдайда мемлекеттік орган тиісті тексеру жүргізу үшін құжат қажет екенін атап өтті. Себебі сирек кездесетін ауруы бар науқастардың өмірі кейде белгілі бір препаратқа тәуелді болады.
Қоғам белсенділері Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген ДДСҰ негізгі дәрілік заттар тізіміне кіретін дәрі-дәрмекті қолжетімді ету туралы ұсыныс жасады. Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, бұл халықты базалық дәрілік заттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тараптар пандемия жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеу модельдерін талқылады, халықты үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдірудің жалпы тәсілдерін белгіледі.