Қазақстанда «қоқыс» сатумен айналысатын сайт пайда болды

Автор: Azattyq Rýhy

Сайтта қауымдастық туралы «Қазақстан мен ТМД аумағындағы қалдықтар мен екінші реттік ресурстарды сату және сатып алу бойынша бірыңғай алаң» деп көрсеткен 

sputniknews.kz

Қазақстандағы «KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі қауымдастық жарамсыз заттар мен түрлі қалдықтарды сату және сатып алуға арналған бірыңғай платформаны іске қосты. Бұдан былай «Қалдықтар биржасына» тіркелген кез келген адам сайтқа тегін хабарландыру енгізе алады.

Сайтта қауымдастық туралы «Қазақстан мен ТМД аумағындағы қалдықтар мен екінші реттік ресурстарды сату және сатып алу бойынша бірыңғай алаң» деп көрсетілген.

Егер сатылымға шығаратын ескі бұйымыңыз, немесе қажетсіз қалдық заттар болса, ол туралы тегін хабарландыру беріп, бағасын, көлемі мен фотосын, мекен-жайын көрсетуіңіз керек. Әрбір хабарландыру жанында байланыс телефон көрсетіліп, сол арқылы сатып алушы сатушымен (немесе керісінше) байланыса алады.

Биржаға алғашқы хабарландырулар да шығып үлгерді. Мысалы, «Жаңатехпром» ЖШС жоғары қысымды полиэтиленнің бір келісін 150-200 теңгеден сатып алмақ. Тағы бір компания картон қағаздардың киллограмын 250 теңгеден сататындығын хабарлаған.

Еске салайық, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның қоқыс полигондарына пластамасса, макулатура, картон қағаздары мен шыныларды тастауға тыйым салынған. Кез келген қоқыс түрлері полигонға көмілмес бұрын іріктелуі керек. 2018 жылы еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтардың 11%-ы ғана қайта өңделіпті. Мемлекет бұл көрсеткішті 2030 жылы 40%-ға, 2050 жылы 50%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

«KazWaste» қауымдастығының көздеген мақсаты – халықты қоқыс сұрыптауға әдеттендіріп, елімізде қайта өңдеу өндірісін түбегейлі қолға алуға әсерін тигізу.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан