1700-ге жуық қырғыз азаматының арасында жүкті әйелдер мен балалар көп
Қазақстан-Ресей шекарасында бір аптадан бері қамалып жатқан қырғыздар ақыры елдеріне оралатын болды. Бүгін Қырғыз Республикасының үш жүзге жуық азаматы үшін арнайы транзиттік дәліз ұйымдастырылды. Олар Орынбор қаласы арқылы Қазақстанға бет алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Ашық аспан астындағы шатырларда әлі де жүздеген адам жатыр.
«Башқұртстан Республикасының Куюургазин ауданының уақытша орналастыру пункттерінен таңғы сағат 6.20-да Қырғызстанның 296 азаматы бар 6 автобустан тұратын алғашқы колонна Орынбор облысымен әкімшілік шекараны кесіп өтіп, Қазақстанға бет алды. Бүгін мен түнгі сағат 2-де Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары Мұрат Задинді Кумертаудан «Сагарчин» шекара бекетіне жібердім. Ол Башқұртстан аумағынан келесі колоннаны жіберу уақытын келіседі. Бұл өз кезегінде шекарада ұзын-сонар кезектің туындамауын қамтамасыз етеді», - деді Башқұртстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Фарит Гумеров.
Дегенмен, әлі бір мыңнан астам қырғыз азаматы Куюургазин ауданының Ольховка ауылының маңындағы лагерьде жатыр. Ол жерден тағы 6 автобустан тұратын екінші колонна «Сагарчин» шекара бекетіне бүгін шығады. Шекараға дейінгі 277 шақырым жолмен тегін тасымалдауды башқұрт билігі қамтамасыз етеді. Лагерьлерде барлығы 1667 қырғызстандық бар. Олар табыс табу үшін өз елдерін тастап, Ресейге кеткен адамдар. Шекаралық тексеруден өткен қырғыздарды өз елдеріне қазақстандық автобустар тасымалдайды.
«Қырғызстан азаматтарын уақытша орналастыру пункттерінен Қазақстанмен шекараға дейін өткізуді ұйымдастыру үшін «Башавтотранс» мекемесі 9 автобусын қосымша бөлді. Жалпы, осында бір апта бұрын келген 1700-ге жуық қырғыз азаматы Қазақстан шекарасына жіберіледі. Олардың барлығы Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларына ақша табу үшін барғандар. Пандемияға байланысты шекара жабылғандықтан олар отандарына қайта алмай қалды. Орынбор облысының билігі Қырғызстан тумаларын бақылауға алып, олардың басқа облыстарға баруына шектеу қойды. Башқұртстан Республикасының Басшысы Радий Хабиров оларға уақытша орналастыру орталықтарын ұйымдастырып, ыстық тамақ, медициналық бақылау және қауіпсіздік жағын қамтамасыз етті», - деді Куюргазин ауданының басшысы Юлай Ильясов.
Отандарына орала алмай, орта жолда қалған жолаушылардың арасында аяғы ауыр 24 әйел мен кәмелеттік жасқа толмаған 35 бала бар. Ашық аспан астында құрылған шатырларда жатқан жерлестеріне бүгін Қырғыз Республикасының Ресейдегі елшілігі консулдық бөлімінің бастығы Эдуард Насиров барды.
«Өкінішке қарай, пандемияға байланысты Қазақстанның шекаралары жабық күйінде қалып отыр. Біздің жерлестеріміз бұрынғыдай транзиттік дәліз беріледі деп үміттенді. Мамыр айынан бастап біз 10 мыңға жуық адамды үйлеріне жібердік. Ұйымдастырушылық мәселелерді шешу үшін мені біздің елшілік жіберді, біз қазақстандық тараптан жауап күтеміз. Біз осы жерде жүрген Қырғызстан азаматтарының жалпы тізімін тағы бір рет дайындап, құжаттарын анықтауымыз керек. Мен Башқұртстан басшылығына, аудандық және қалалық әкімшілік басшыларына қандастарымызға көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс білдіргім келеді. Жағдай жақын арада шешіледі деп үміттенемін және осы аптада Қазақстан билігі біздің азаматтардың өз аумағы арқылы өтуі үшін транзиттік дәліз береді», - деді Ресейдегі Қырғыз елшілігінің өкілі.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы