Фабрикаларда қырылған құстар саны 40 мыңнан асып кетті
Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауының таралу аумағы күннен-күнге үлкейіп келеді. Қауіпті індет ошақтары Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев, Айыртау мен Есіл аудандарында тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Фабрикаларда қырылған құстардың саны 40 мыңнан асып кетсе, жеке адамдардың 13 мыңнан астам үйрек-қазы мен тауығы шығынға ұшыраған. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше өтемақы төлеу жөніндегі комиссия жұмысына кірісті. Алайда ешкімге қаржы берілген жоқ. Әзірге өлген құстарды тіркеуге алу және жою шаралары жүріп жатыр.
Өтемақы жайында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында пост жариялады.
«Құстары қырылып қалған азаматтарға қаржылай көмек нарықтық баға бойынша белгіленеді. Бүгінде бұл жұмысқа арнайы комиссия жауапты. Сонымен қатар, құс шаруашылығындағы жұмыс орындарын сақтап қалу маңызды. Жұмыртқа мен құс етінің бағасын шарықтатуға да жол бермеуіміз қажет», – деп жазды әкім.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО