Озон генераторы қашықтан, адамның араласуынсыз автоматты режимде жұмыс істейді
Шымкент қаласы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің түлегі Азамат Қонысбай пандемия кезінде жаңа технология ойлап тапты. Ол суды, тұрмыстық және өндірістік үй-жайларды залалсыздандыруға арналған озон генераторын жасап шығарған.
«Озон генераторының құны 150 000 теңгені құрайды. Бұл санитарлық дезинфекция қызметін пайдаланудан, шамамен 1 жылға есептегенде, 25 есе арзан. Яғни, технологияны пайдаланудың құны төмен және дезинфекциялық жабдықты бірнеше рет пайдалана беруге болады. Оңай жөнделеді, қол жетімді әрі тиімді», - деді жас технолог Азамат Қонысбай.
Жаңа технологияның ерекшелігі - дезинфекциялаудың ескі тиімсіз әдістерін ауыстырады. Сондай-ақ, бұл озон генераторы қашықтан, адамның араласуынсыз автоматты режимде жұмыс істейді.
Аталған технология елімізде тұрақты залалсыздандыру шараларына, медицина қызметкерлерінің арнайы киімдерін және адамдардың көп шоғырланатын орындарын дезинфекциялауда сұранысқа ие. Жас жігіт ендігі кезекте технологияны қолданысқа енгізіп, патенттеуді қолға алмақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Шымкент