Індеттің кесірінен шығынға ұшырағандарға өтемақы төленеді
Құс тұмауы күннен күнге өршіп барады. Қауіпті індеттің ошақтары СҚО-дан бөлек, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында да тіркелді. Ал Солтүстік Қазақстандағы жағдай тіпті күрделене түсті. 7 аудан мен бірнеше елді мекендерден құс өнімдерін экспорттауға тыйым салынып, шектеу шаралары енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚР Солтүстік Қазақстан облысындағы эпизоотиялық жағдай туралы Орталық комуникациялық қызметінің брифингінде айтылды. Аталған өңірдің 30-ға тарта елді мекенінде үй құстары қырылып қалған. Тек қана Бескөл құс фабрикасында шығынға ұшыраған құс саны 41 мыңнан асып кеткен.
«Жоғары патогенді құс тұмауы жабайы қанаттылардан таралған. Олар үй құстары бағылатын көлдерге ұшып келеді. Зертханалық талдау нәтижесі алынғаннан кейін дертке қарсы 1,4 млн доза вакцина сатып алынды, ол 4,7 млн бас құсқа қойылады. Ертең тағы да 1 млн доза алу жоспарда бар. Ол 3,5 млн басқа жетеді. Уақытша шектеу шаралары енгізілгеннен кейін республикалық отряд іске кірісті. Оның құрамында жалпы саны 500-ге дейін маман жұмыс істейді», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.
Қазақстанда 46,7 млн бас құс тіркелген, оның 14,7 млн-ы жеке адамдардікі. Жеке адамдардың меншігіндегі үй құстарының бәріне дертке қарсы екпе жасалмақ. Брифингте айтылғанындай, елімізде өндірілетін құс еті ішкі сұранысты 106 пайызға жабады. 500 млн дана жұмыртқа экспортқа шығарылады. Ірілі-ұсақты 35 фабрика бар. Мамандардың айтуынша, Қазақстан аумағында H5N8 формасындағы құс тұмауы тіркелген. Ол адам үшін қауіпті емес. Сондықтан өңделген құс өнімін тұтына беруге болады.
«Вирус адамнан адамға жұқпайды. Қазақстанда құс өнімдерін тұтынудан індетке шалдыққандар тіркелген жоқ. Құс фабрикаларында жұмыс істейтін 400 адам тексерілді. Жағдайлары қанағаттанарлық. Құс өнімдерін, ет сату қатаң бақылауға алынды. Кез келген тұтынушы сауда жасамас бұрын, тағамның қауіпсіздігі жайында құжаттарды талап ете алады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев.
Індеттің кесірінен шығынға ұшырағандарға өтемақы төлеу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жергілікті әкімдіктерде арнайы комиссия жұмыс істейді. Қаражат өлген құстың саны, салмағы, жас ерекшелігін есепке ала отырып, нарықтағы орта бағаға сай төленбек.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО