Жыл басынан бері жекеменшік секторда 425 өрт тіркелген
Павлодарда жылу маусымы басталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24». Дегенмен, күн сәл суыса, жеке сектор тұрғындары пеш жағуға дайын отыр. Төтенше жағдайлар қызметі осындай жер үйлерді бақылауға алған.
Жыл басынан бері жекеменшік секторда 425 өрт тіркелген. Салдарынан 13 адам көз жұмып, 17 тұрғын зардап шекті. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялардың үйлерін бақылауға алған. Қазіргі уақытта 2000-ға жуық баспана тексеріліп, қожайындарына пешті дұрыс пайдалану жөнінде ескертулер айтылды.
«Қолға алынған шаралар аясында 2000 отбасының үйлерін аралап шықтық. 500-ге жуық баспана қайта тексерілді. Кейбіреулерінің мұржаларын тазалап бердік. Жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп улы газ бергіштерді орнатып жатырмыз. Бұл – халықаралық тәжірибе», - деді облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары Шәкір Ахметов.
Айиа кету керек, облыс орталығында 9 мыңдай жекеменшік үй бар. Олардың барлығы мамандардың есебінде.