СҚО-да құс тұмауының ошағы табылған ауылдарда зарарсыздандыру жұмыстары басталды
Қазіргі таңда ветеринарлар үй-үйді аралап, өлген құстарды жинап жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауының ошағы табылған Якорь ауылында зарарсыздандыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазіргі таңда ветеринарлар үй-үйді аралап, өлген құстарды жинап жатыр. Кейін ол арнайы орында өртеледі
Өңірдегі жағдай уақыт өткен сайын ушығып барады. Мәселен бүгінгі күнге дейін жеті ауданда он мыңнан астам үй құсы қырылғаны анықталды. Осыған байланысты облыс әкімінің қаулысымен бірнеше ауданда карантин жарияланды. Алайда, кесел табылған елді мекендерде әлі күнге блок-бекеттер қойылған жоқ.
«Солтүстік Қазақстан облысына өзімізде шығарылған 873 мың вакцина жеткізілді. Енді сол препараттар аудандарға жөнелтіледі. Сәтін салса, вакцинациялау жұмыстары құс тұмауы табылған ауылдардан 20 шақырым радиуста және жабайы құстардың ұшу бағыты бойынша жүргізіледі», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева.